Қазақстандық футболшы Бауыржан Жолшиев екі жылдан кейін жасыл алаңға оралып, "Астана" командасы сапында ойынға қатысты.
Жартылай қорғаушы елордалық команда құрамында Дубайдағы оқу-жаттығу жиынына қатысуда. "Жилинаға" қарсы өткен ойында 78 минутта алаңға шықты. Соңғы рет Бауыржан команда құрамында 2015 жылдың желтоқсан айында ойнаған.
27 жастағы футболшы "Астана" сапында 2014-2015 жылдар аралығында ойнады. 69 ойынға қатысып, 15 гол соғып, 9 нәтижелі пас берген. Елордалық командамен бірге Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынады.
Словакия чемпиондарына қарсы ойында "Астана" қарсыластарына 1:0 есебімен есе жіберді. Осыған дейін Станимир Стойлов шәкірттері Ресейдің "Спартак" және "Краснодар" клубтарын ұтқан еді.
"Астана" келесі оқу-жаттығу жиындарын 3-9 ақпан аралығында өткізеді. Бұл кезде команда Швециянның "Хеккен", Қытайдың "Ляонин" және "Шаньдун Лунэн Тайшан" клубтарымен жолдастық кездесу өткізеді.