Футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан "Әл-Айн" командасымен жаңа келісімшартқа отырады. Бұл туралы Vesti.kz порталы хабарлады.
Бауыржан Исламхан қазіргі командасы "Әл-Айнмен" жарты жылға келісімшартқа отырған болатын. Біріккен Араб Әмірлігінің командасы құрамындағы көшбасшы легионерлерін сақтап қалуды жөн көрген. "Әл-Айнның" бас бапкері Педро Эмануэль көшбасшы ойыншылар Бауыржан Исламхан мен венгриялық Балаж Джуджакқа жаңа келісімшартты ұсынуды өтінген.
Қазақстандық футболшының "Әл-Айн" командасымен келісімшарты ұзақ мерзімге жоспарланған. БАӘ командасы жақында келісімшартқа отырғаны жайлы ресми хабарлайды деп күтілуде.
Қазір БАӘ чемпионаты коронавирус пандемиясының кесірінен тоқтаған. Біріншілік тек тамыз айында қайта жалғасады.
Бұған дейін Бауыржан Исламхан Ресейдің "Рубин" командасымен келіссөз жүргізіп жатқаны туралы ақпарат шыққан болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Бауыржан Исламханның өкілі Ресей мен Италияның А Сериясы командаларынан ұсыныс түскені туралы айтқан еді.