Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (5-0, 5KO) мексикалық боксшы Сесилио Сантос Галиндоны екінші раундта нокаутпен ұтты. Жекпе-жек Канаданың Квебек қаласында өтті.
Батыр басында бразилиялық боксшы Леандро Мендес Пинтоға қарсы жекпе-жек өткізуі тиіс болатын. Алайда, жекпе-жекке бір күн қалғанда Батырдың қарсыласы өзгерді. Бразилиялық медициналық тексеруден сәтті өте алмады.
Қазақстандық боксшының мексикалық қарсыласы да осал емес болатын. Кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 1997 жылдың 22-қарашасында өткізіп, теxникалық нокаутпен ұтқан. Ал, соңғы кездесуін 2016 жылдың 13-тамызда өткізіп, жеңіске жеткен.
Кәсіпқой бокста 66 кездесу өткізіп, 31 жекпе-жегінде жеңіске жетсе, 29 кездесуінде жеңілген. Ал, 6 кездесуі төрешілер шешімі бойынша тең аяқталған.
- Жекпе-жек аса қатты қиынға соқты деп айта алмаймын. 2 раундта-ақ қарсыласымды нокаутқа жібердім. Негізі мен салмақ өлшеу рәсіміне дейін бразилиялық боксшыға қарсы дайындалып едім. Алайда, ол қарсыласым дәрігерлік тексерістен өте алмады. Сөйтіп, аяқ асты мүлдем бейтаныс мексикалық боксшымен шығуыма тура келді. Дегенмен, нәтиже жаман емес. Жеңісті жолымды жалғадым. Осы ретте Қанада және Қазақстандағы қолдау білдірген барлық жанкүйер-жанашырларыма алғыс айтамын. Бұйырса, менен жарқын жекпе-жектерді күтіңіздер",-дейді Батыр Жүкембаев «вконтакте» желісіндегі ресми парақшасында.
Айта кетейік, Батыр Жүкембаев соңғы жекпе-жегін 2016 жылдың 7 шілде күні мексикалық Рэнди Лозаноға қарсы өткізіп, нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Келесі кездесуін 22 қазан күні Давид Лемьенің шоуында өткізеді.