Баскетболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты жолдамасына таласады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Баскетболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты жолдамасына таласады
Фото ©️ pbcastana.kz

24 қараша күні баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2019 жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатына іріктеу турнирін бастайды. Отандастарымыздың алғашқы қарсыласы – Катар құрамасы.

БӨЛІСУ

Баскетболдан әлем чемпионаты 4 жыл сайын бір рет өтеді. Алайда 2018 жылы өтуі тиіс болған дода футболдан әлем чемпионатымен қатар келуіне байланысты бір жыл кейінге шегерілген болатын. Сондай-ақ Қытайдағы әлем чемпионатына алғаш рет 32 құрама қатысады. Оған дейін 24 құрама қатысып келген еді.

Әлем чемпионатына іріктеу құрлықтық жүйе бойынша жүзеге асады. Яғни, құрамалар Америка, Еуропа, Африка және Азия/Мұхит елдері болып іріктеу арқылы жолдамаға таласады. Әр құрлықтағы іріктеу "А" және "В" дивизиондарына бөлінген. Екі кезең бойынша жолдамаға ие болған құрамалар белгілі болады.

"В" дивизионындағы құрамалар 2019 жылғы әлем чемпионатына жолдама иелене алмайды. Мұнда бірінші орын алған құрама келер әлем чемпионатында "А" дивизионында соңғы орын алған құрамамен кездесіп, жоғары дивизионға өтуге таласады.

Қазақстан құрамасы "А" дивизионындағы бірінші кезеңде Иран, Катар және Ирак құрамаларымен "D" тобына бірге түсті. Отандастарымыз әр құрамамен екі ойыннан (өз жерінде, түзде) өткізеді. Топта Иран құрамасы фаворит екені жасырын емес. Әйтсе де қазақстандық баскетболшылардың екінші кезеңге өтуіне зор мүмкіндіктері бар.

FIBA тарихында Қазақстан мен Иран құрамалары алты рет кездескен. Оның екеуінде жеңіске жетіп, төртеуінде жеңілген. Ал Ирак құрамасымен бір рет жолығып, жеңіске жеткен.

Іріктеу турнирін отандастарымыз Катар құрамасына қарсы ойынмен бастайды. Бұл құрамамен Қазақстан осыған дейін жеті рет ойын өткізген. Бір рет қана қарсыластарына басымдығын таныта алған. Енді қос құрама 24 қараша күні әлем чемпионатына іріктеуді бастайды.

Араға үш күн сала Қазақстан құрамасы Астанадағы Сарыарқа велотрек кешенінде Ирак құрамасына қарсы ойнайды.

Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы:

Рустам Ерғали («Астана»), Рустам Мұрзағалиев («Астана»), Антон Пономарев («Астана»), Александр Жигулин («Астана»), Дмитрий Гаврилов («Астана»), Вадим Щербак («Астана»), Максим Марчук («Астана»), Анатолий Колесников («Астана»), Николай Бажин («Барсы»), Аскар Мадейкин («Барсы»), Шаим Куанов («Тобол»), Азим Ягодкин («Каспий»), Аймурат Саткеев («Каспий»),

Бас жаттықтырушы: Михаил Карпенко («Астана»). Бас жаттықтырушының көмекшісі— Ренатас Курилионокас («Астана»).