Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сатысындағы «Барыс» пен «Авангард» арасындағы тартысқа толы текетірестер де мәресіне жетті. Өкінішке орай, қазақстандық клуб үшін бұл маусым аяқталды.
Шешуші кездесуде елордалық ұжым «Авангардқа» 1:3 есебімен есе жіберді. Бірінші болып «Барыс» сапынан Найджел Доус есеп ашқанымен, араға 5 минут сала Чад Коларик таразы басын теңестіріп кетті. Айдын иелері есепті теңестіргенде, ойын ережесі бұзылғандай еді. Бірақ, төрешілер бұл сәтке мән бермеді. 35 минутта Александр Пережогин алаң иелерін алға шығарды. Андрей Назаров шәкірттерінің гол соғатын мүмкіндіктері болды. Төрт рет артық құрамда ойнаса да, гол соға алмады, бабы болмаса бағы келіспеді. Ал соңғы сәтті қақпашысыз ойнаған қазақстандық клуб шабуылға баса назар аударды. Бірақ, қарсыластар мұны да ұтымды пайдаланып кетті. 57 минутта Чад Коларик екінші шайбаны еншісіне жазды. Нәтижесінде жеті кездесуге созылған тартыста «Авангард» «Барыстан» 4:3 есебімен басым түсті.
«Авангард» хоккей клубының ойыншылары шешуші жеңісін өткен ойында жарақат алған команда капитаны Сергей Калининге арнады. Хоккейші «Барыспен» өткен алтыншы кездесуде басынан ауыр жарақат алып, Астанадағы жансақтау бөліміне түскен болатын.
Cурет: sports.kz
Оқи отырыңыз
«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне өтті
2015 жылы хоккейден өтетін әлем чемпионатының медальдары таныстырылды