"Барыс" хоккей клубы Гагарин кубогы плей-офф кезеңін бастады. Нижегородтің "Торпедо" командасына қарсылас атанған елордалық ұжым жалпы есепте алға шықты.
Астанада өткен бірінші ойында "Барыс" қарсыластарын 4:1 есебімен ұтты. Бұл ойынға Мэтт Фреттин мен Кертис Волк оралып, мұз айдынға шықты.
Бірінші кезеңді командалар қызуқанды өткізді. Тәртіп бұзылған сәттер мен ереже сақталмаған тұстар көп болды. Дөрекі ойнағаны үшін ескерту алған ойыншылар да аз болмады. Сондай мүмкіндіктердің бірін "Торпедо" командасы оңтайлы пайдалана білді. Роберт Саболич командасын алға шығарды.
"Барыс" екінші кезең аяқталар тұста барып қана есепті теңестірді. Петерссон мергендігімен көзге түсті. Ал үшінші кезең елордалық команда үшін сәтті басталды. Брендон Боченский ойыншы басымдығы кезінде шайба соғып, "Барысты" алға шығарды.
44 минутта Мэтт Фреттин нәтижені еселеп, есепті 3:1-ге жеткізді. Ал ойын аяқталар тұста Боченский дубль жасап, "Барысқа" жарқын жеңіс сыйлады.
Екі команда арасындағы екінші ойын да Астанада (28 ақпан) өтеді.
Айта кетейік, плей-оффта бір команда төрт рет жеңіске жеткенше командалар ойыны жалғаса береді.