Құрлықтық хоккей лигасында ел намысын қорғайтын Астананың «Барысы» өз алаңында Братиславаның «Слован» клубын жеңді. Қазақстандық клубқа жеңіс сыйлаған шайбаны овертаймда Максим Худяков соқты.
Бірінші болып есепте қонақтар алға озды. 4 минутта бір ойыншы басымдығын ұтымды пайдаланған «Слован» командасы сапынан Жига Еглич гол соқты. 14 минутта «Барыс» ойыншылары таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепте алға да озды. Максим Худяков бірінші шайбаны соқса, Илья Лобанов «Барысты» алға шығарды. Алайда братиславиялық клуб бірінші кезең аяқталғанша таблодағы есепті қайта теңестіре білді. Бұл жолғы шайбаны Вацлаб Недорост соқты.
Екінші кезең басталысымен «Барыс» бірден алға озды. 43 секундта Кевин Далмэн ойында елордалық клубтың үшінші шайбасының авторы атанды. 35 минутта Паво Скалицкидің соққан голымен есеп қайта теңесті. Нәтижесінде екінші кезең аяқталғанша Роман Старченко («Барыс») мен Томаш Староста («Слован») есепті 4:4-ке жеткізді.
Үшінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпаларынан саңылау таба алмады. «Барыс» екі рет ойыншы басымдығын алғанмен, мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Нәтижесінде үшінші кезеңінен кейінгі овертаймда «Барыс» сапынан Максим Худяков гол соғып, елордалық клубқа жеңіс сыйлады.
Андрей Назаров жаттықтыратын «Барыс» келесі кездесуін Астанада Хорватияның «Медвешчак» клубына қарсы өткізеді.