Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын Астананың «Барысы» Минскіде жергілікті «Динамодан» ойсырай жеңілді. Нәтижесінде қонақта өткізген соңғы 4 ойынында да жеңіске жете алған жоқ.
«Барыс» ойыншылары Минскідегі ойынды сәтті бастаған болатын. 20 секундта-ақ Мартен Сен-Пьер елордалық клубты алға шығарды. Бірінші кезең бір шайба басымдығымен отандастарымыздың пайдасына шешілгенмен, екінші кезеңде мұз айдын иелері атой салды. Қазақстандық клубтың қақпасына 5 шайба тоғытып, айқын басымдықпен алға озды. «Барыс» екінші кезеңде қарсыластарының қақпасына бір-ақ шайба салды. Үшінші кезеңде де «Динамо» ойыншылары белсеніп, есепті 6:2-ге жеткізді.
Айта кетейік, осыған дейін «Барыс» бас жаттықтырушысыз қалған болатын. Бүгінде бұл қызметті уақытша Евгений Корешков атқарып жүр. Қазақстандық клуб келесі ойынын 8 қазан күні Астанада Новокузнецкінің «Метуллург» клубына қарсы өткізеді.
Ақпаратты орыс тілінде vesti.kz cайтынан оқи отырыңыздар.