Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын "Барыс" Астанада "Салават Юлаевты" овертаймда ұтып, плей-оффқа жолдама алды.
Қазақстандық клуб үшін 1 ұпай да жеткілікті еді. Қытайдың "Кунлунь Ред Стар" командасы "Локомотивтен" ұтылғандықтан, кейінгі барлық ойында жеңіске жетсе де "Барысты" басып оза алмайды.
"Барыс" осы маусымда "Салават Юлаевты" алғаш рет ұтты. Негізгі уақытта 0:0 есебімен тең ойнап, овертаймда айласын асырды. Елордалық ұжымға жеңіс сыйлаған шайбаны Патрис Кормье соқты.
Андрей Скабелка шәкірттері Шығыс конференцияда плей-оффқа шыққан бесінші команда. Осыған дейін "Автомобилист" (Екатеринбург), "Ақ барыс" (Қазан), "Авангард" (Омбы) және "Металлург" (Магнитогорск) командалары бұл жолдаманы иеленген еді. Ал Батыс конференциядан ЦСКА (Мәскеу) мен СКА (Санкт-Петербург) шығып үлгерді.
"Барыс" келесі ойынын 22 қаңтар күні түзде "Металлургке" қарсы өткізеді. Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады.