Астананың "Барысы" Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) жаңа маусымын жарқын жеңіспен бастады. Түзде Нижнекамскінің "Нефтехимик" клубын 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Ойынның бірінші кезеңінде шайба соғылған жоқ. Екінші кезеңнен бастап "Барыс" ойында басымдыққа ие бола бастады. Алғаш болып елордалық команданың канадалық легионері Патрис Кормье есеп ашты. Одан кейін Даррен Диц есепті еселеді.
Үшінші кезең басын "Барыс" ойыншылары аса сәтті өткізді. Мұз айдын иелері қақпасына үш бірдей шайба тоғытты. Ойыншы басымдығын да сәтті пайдалана білді. Андре Петерссон, Мэтью Фреттин және Павель Акользин шайба соғып, көзге түсті.
Ойын аяқталар тұста "Нефтехимик" ойыншылары Хенрик Карлссон қорғаған қақпаға бір шайба соқты. Дегенмен соңғы шайбаны Мэтью Фреттин ашық қақпаға енгізіп, ойынның нүктесін қойды.
Айта кетейік, "Нефтехимикті" бұрын "Барыстың" бас бапкері болған Андрей Назаров жаттықтырады.
"Барыс" келесі ойынын 7 қыркүйек күні Қазанда "Ақ барысқа" қарсы өткізеді.