Астананың "Барыс" хоккей клубына Борис Иванищев жаңа президент болып тағайындалды. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады.
Елордалық команда президенті қызметін осыған дейін Асқар Шопобаев атқарып келген еді. Ол отбасылық жағдайына байланысты қызметінен кетті.
Борис Иванищев командада 2006 жылы вице-презиндент болған маман. Петропавл қаласының тумасы. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша, П.Ф. Лесгафт атындағы Ұлттық денешынықтыру, спорт және денсаулық мемлекеттік университетін (Хоккей академиясы кафедрасы) бітірген.
53 жастағы маман 1990-2003 жылдар аралығынла Теміртаудың "Строитель" және "Болат", Қарағандының "Қазақмыс" клубында ойнаған. Мансабын аяқтағаннан кейін жаттықтырушылар құрамында және бас менеджердің көмекшісі қызметтерін атқарған.
Айта кетейік, өткен маусымда "Барыс" құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне шыға алмаған болатын.