Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын «Барыс» сырт алаңда Екатеринбургтің «Автомобилист» командасын ұтты. Ойында қазақстандық клуб қарсыластарынан 4:3 есебімен басым түсті.
Бірінші кезеңде «Барыс» мұз айдын иелерін екі шайба басымдығымен ұтып шықты. 7 минутта Иван Кучин мергендігімен көзге түссе, 12 минутта Роман Старченко шайба авторы атанды.
Екінші кезеңде командалар екі-екі шайбадан соқты. «Автомобилист» сапынан Артем Гареев пен Алексей Симаков көзге түссе, «Барыстан» Кори Тривино мен Константин Пушкаревтің нәтижелі соққылары есепке алынды.
Үшінші кезеңде мұз айдын иелері сапынан Артем Гареев дубль авторы атанып, есепті қысқартты. Одан кейінгі аралықта есеп өзгермеді. Нәтижесінде «Барыс» плей-офф кезеңіне шығудағы басты қарсыласын ұтып, маңызды ұпайын иеленді.
Елордалық ұжым келесі ойынын 9 желтоқсан күні Ханты-Мансийскіде «Югра» командасына қарсы өткізеді. Ойынды «KazSport» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.