Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын "Барысқа" ыңғайсыз қарсылас саналып келген командалардың бірі "Амур" еді. Елордалық команда Хабаровскінің командасын 2016 жылдан бері ұта алмай жүрген. Күні кеше Астанада өткен ойында қарсыластарын 4:2 есебімен айқын ұтты.
Бірінші кезең аяқталар тұста Брэндон Боченски шайба соғып, "Барысты" алға шығарды. Жарақатына байланысты 2 айдай уақыт мұз айдынға шықпаған ойыншы тәжірибесі мол екенін байқатты. Алайда қонақтар уақыт дабылы қағылғанша есепті теңестіріп кетті.
29 минутта елордалық команда ойыншы саны басым сәтті ұтымды пайдаланды. Команданың канадалық шабуылшысы Патрис Кормье шайба соғып, "Барысты" есепте екінші рет алға шығарды.
49 минутта "Амур" екінші рет есепті теңестірді. Араға 2 минут сала Егор Петухов "Барысқа" қайта басымдық алып келді. Ойын аяқталар тұста Дастин Бойд нәтижені еселей түсті.
"Барыс" "Амурды" 2016 жылдың қараша айынан бері ресми ойында бірде-бір рет ұтпаған. 5 бірдей кездесуде қарсыластарына есе жіберіп келген.
Андрей Скабелька жаттықтыратын қазақстандық клуб биылғы 3 ойында да жеңіске жетті. 65 ұпаймен Шығыс конференцияда 4-орында келеді. Келесі ойынын 10 қаңтар күні Астанада "Куньлунға" қарсы өткізеді.