Каталондық «Барселона» УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Грузия астанасы Тбилисиде өткен финалдық кездесуде испандық екінші бір ұжым «Севильяны» қосымша уақытта ұтты.
Тбилисидегі ойын нағыз тартысқа толы болды. Есеп 3 минутта-ақ ашылды. Сәтті қимыл жасай білген «Севилья» ойыншысы Банега командасын алға шығарды. Алайда араға 4 минут сала айып соққысынан Лионель Месси таразы басын теңестірді. Аргентиналық сұрмерген бұл голмен де шектеліп қалған жоқ. 16 минутта екінші рет айып соққысын сәтті орындап, дубль авторы атанды. Сондай-ақ, еурокубок ойындарындағы 80-ші голын соғып, Криштиану Роналдумен теңесті. Одан өзге бір ойында екі рет айып соққысынан гол соғып, жеке нәтижесін жаңартты. Бірінші тайм аяқталар тұста Рафинья «Барселонаны» 3:1 есебімен алға шығарды.
Екінші таймды да каталондық клуб жоғары қарқынмен бастады. 52 минутта Луис Суарес Бету қорғаған қақпаның торын төртінші рет тулатты. Нәтижесінде «Барселона» ойыншыларына жеңіске деген үлкен сенімділік сыйлады. Алайда «Севилья» сескенген жоқ. Ойынның негізгі уақыты аяқталғанға дейін таразы басын теңестіре білді. Алдымен 57 минутта Хосе Антонио Рейес есепті қысқартса, 72 минутта Гамейро пеналтиді ойдағыдай орындады. Ал клуб сапындағы ресми бірінші ойынына шыққан Евгений Коноплянка есепті 4:4-ке жеткізді. Қорытындысында УЕФА Суперкубогының иегері қосымша уақытта анықталды. 115 минутта Мессидің соққысын сәтсіз қайтарған Бету допты қолынан шығарып алды. Өз кезегін күтіп тұрған Педро ойындағы жеңіс голының авторы атанды.
Финалдық кездесудің үздік ойыншысы ретінде Лионель Месси танылды. Аргентиналық шабуылшы мен клуб капитаны Андреас Иньеста «блауграна» сапындағы 25-ші мәртебелі атақтарына ие болып, Хавимен дәрежелерін теңестірді. Ал «Барселона» болса УЕФА Суперкубогын бесінші рет иеленіп отыр. Соңғы рет каталондық клубтың ойыншылары 2011 жылы жеңіс тұғырынан көрінген болатын.