"Барселона" футбол клубының шабуылшысы Усман Дембеле жарақатынан айығып, команда құрамына қосылды. Бұл жайында каталондық клубтың ресми сайты хабарлады.
"Блаугрананың" медицина мамандары Усман Дембеленің ресми ойындарға қатысуына рұқсат берді. 20 жастағы француз футболшысы 4 қаңтар күні Испания кубогы аясында "Сельтаға" қарсы өтетін кездесуге шығады деп күтілуде.
Айта кетейік, футболшы "Барселонаға" тамыз айында Дортмундтың "Боруссия" клубынан ауысып келген еді. Трансферлік құны 105 миллион еуроға бағаланған болатын. Жарақат алғанға дейін бар болғаны екі ойынға ғана қатысқан-ды.
16 қыркүйек күні "Хетафеге" қарсы ойында жарақат алып, (сол аяғы санының сіңірі созылған) ота жасатты. Одан бергі аралықта алаңға шыққан жоқ.