Каталондық «Барселона» мен Бразилия ұлттық құрамасының шабуылшысы Неймар Испания Кубогының 1/8 финалы аясындағы «Хетафеге» қарсы қарымта кездесуде жарақат алды. Енді футболшының жақын арада жасыл алаңға шықпайтыны белгілі болып отыр.
Дәрігерлер берген мәліметтер бойынша, футболшының жарақаты аса ауыр көрінеді. Дегенмен ақ халаттылардың өзінің пікірі екіге жарылып отыр. Бірі үш аптадан кейін сауығып кетеді десе, бір тобы бұл маусымды «Барселона» Неймарсыз өткізеді деп мәлімдеуде. Сонымен қатар, өз елінде өтетін Әлем чемпионатынан да тыс қалуы да мүмкін. Ал бас бапкер Херардо Мартино:
- Қашан алаңға оралатыны туралы ашып айтуға әлі ерте. Дегенмен Неймардың қайта айығуына көп уақыт кетеді деп ойламаймын – деді.
Естеріңізге сала кетсек, Неймар Испания Кубогының 1/8 финалы аясындағы «Хетафеге» қарсы қарымта кездесудің 27 минутында жарақат алған болатын. Ойын Мессидің дубль авторы атануымен аяқталған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sport-express.ua