Каталондық «Барселона» командасының президенті Хосеп Мария Бартомеу клуб қатарына жақында қосылған Луис Суареспен арадағы келісімшартта футболшының «тістеп алу» қылығына орай арнайы ескертудің қаралмағанын мәлімдеді. Ал осыған дейін ақпарат құралдары келісімшартта уругвайлық футболшы тағы біреуді тістеп алар болса, үлкен көлемде айыппұл төлейді деген ескерту барын жарыса жазған еді.
- Келісімшартта Суарестің біреуді тістеп алса арнайы жазалану үшін қаралған бөлім жоқ. Болған күннің өзінде біз ол туралы хабарламаған болар едік. Бірақ, жоқтығы рас. Ол қате қылығы үшін барлығынан кешірім сұрады. Ал оның ойын ережесін жиі бұзуы біздің келісімшарт ұсынуымызға кедергі емес. Біз шабуылшыны қатарымызға қосуғы асықтық, - деді «блауграна» басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, Бразилия жерінде өткен әлем чемпионатындағы өрескел қылығы үшін футболшы төрт айға футболға қатысты кез келген іс-шарадан, одан қалды әкімшілік жұмыстардан да шеттетілген-ді. Тағы бір айта кетерлігі, Луис Суарес 2010 жылдан бері әртүрлі жазалардың жиынтығын қосқанда 34 матчқа қатыспаған.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: footballhd.ru
Ұқсас жазбалар