Каталондық «Барселона» командасы жаздағы ауысым кезеңінде қатарларын толықтыруға мүмкіндік алды. Клубтың шағымын қарап жатқан ФИФА өз шешімдерін уақытша күшіне енгізбейтін болды.
Клуб басшылығы 2009-2013 жылдар аралығындағы ауысым кезеңдерінде 18 жасқа толмаған 10-ға жуық футболшыны қатарларына қосып, тіркеген. Ережеге сәйкес команда аталған жасқа жетпеген шетелдік футболшымен келісімшарт жасасу үшін ФИФА бейінді комитеті рұқсатына жүгінуі қажет. Ал «блауграна» басшылығы бұл талаптарды орындамай, осы тақырып төңірегіндегі тағы бірнеше істе жауапсыздыққа бой алдырған. Ушыққан дау төңірегінде ФИФА «Барселонаға» екі маусым футболшылар сатып алуына шектеу қойған-ды. Алайда команда түсірген шағым бойынша, іс қайта қаралатын болды. Толық дәлелденгенінше алдағы ауысым кезеңі де келіп жетпек. Осыған орай, клуб осы жазда құрамын толықтыра алады.
Естеріңізге сала кетсек, сәуір айының басында каталондық «Барселонамен» қоса Испания футбол федерациясы да ескерту алған-ды. Сонымен қатар, бас бапкер Херардо Мартино да осы маусымнан кейін қызметінен кетпек. Соңғы ақпараттар бойынша, аргентиналық маман «Бока Хуниорс» командасын жаттықтыруы мүмкін. Ал «блауграна» құрамын жазда үлкен өзгерістер күтіп тұрған секілді...
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай