Испандық "Барселона" футбол клубы жаңа бапкері Херардо Мартино басшылығымен өткен алғашқы жолдастық кездесуде жеңіске жетті.
Қонақта өткізген жолдастық матч қорытындысында каталондықтар норвегиялық "Волеренганы" тас талқан етті. Кездесу ел астанасы Осло қаласында өтіп, ойын аяқталысымен "Барселона" таблода 7:0 есебін тіркеді.
Жеңімпаз команда қатарынан Жан-Мари-Донгу дубльмен көзе түсті (51 және 56-минуттар). Сондай-ақ Алексис Санчес (4), Кристиан Тельо (6), Лионель Месси (13), Джонатан дос Сантос (42) және Хоан Роман бір-бірден гол соқты.
Айта кетейік, "Барселонаның" жаңа бапкері Мартино 26-шілде күні клубпен екі жылдық келісімге отырған еді. Ол каталониялық команданы соңғы бір жылда жаттықтырған Тито Виланованы ауыстырды. Соңғысы онкологиялық дертінің кесірінен команда бапкерлігінен бас тартқан еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: news.sportbox.ru