Азия ойындарында қазақ балуандарына алтын бұйырмады

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Азия ойындарында қазақ балуандарына алтын бұйырмады
Фото ©️ olympic.kz

XVIII жазғы Азия ойындарында күрес түрлерінен жарыстар аяқталды. Қазақ балуандары алғаш рет жеңістің ең биік тұғырынан көріне алмады.

БӨЛІСУ

Бүгін грек-рим күресінен жүлделер сарапқа салынды. Соңғы үміт ауыр салмақтағы апайтөс балуанымыз Нұрмахан Тыналиевте болды. Алайда финалда отандасымыз өзбек Мумиджан Абдуллаевтан айласын асыра алмады. Оған дейін жергілікті балуан Папанг Раманхани мен жапон Арата Сонаданы жеңген еді.

Нұрмахан бүгін алтын алғанда, Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанар еді. Алтын бұйырмады. Жалғыз Нұрмаханға ғана емес, жалпы күрес түрлерінен... Осыған дейін бір балуан болса да, жеңімпаз атанып жүрген еді.

Қазақ спортшылары жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Хиросимо боз кілемінде Мәулен Мамыров (еркін күрес), Дәулет Тұрлыханов (грек-рим күресі) пен Юрий Мельниченко (грек-рим күресі) алтыннан алқа таққан-ды. Араға 4 жыл сала Азия ойындары Бангкокта өтті. Ол жолы Бақтияр Байсейітов (грек-рим күресі) пен Сергей Матвиенко (грек-рим күресі) жеңістің биік тұғырынан көрінді. 2002 жылы Пусанда Әсет Иманбаев (грек-рим күресі) пен Георгий Цурцумия (грек-рим күресі) алтын алды.

2006 жылғы Азия ойындары Дохада (Катар) өтті. 74 кг салмақта Роман Мелешин жеңімпаз атанды. 2010 және 2014 жылдары Нұрмахан Тыналиевті жеңіс тұғырынан көрдік. Сондай-ақ Гуанчжоуда (2010 ж) әйелдер арасында 63 кг салмақта Елена Шалыгина топ жарды. Биыл Джакартада алтын жүлде бұйырмады. Қазақ балуандары 4 күміс 6 қоламен жарысты аяқтады.

XVIII жазғы Азия ойындары 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 1 алтын 6 күміс 14 қола медальмен жалпы есепте 12-орында келеді.