Вьетнамның Дананг қаласында өтіп жатқан V Азия жағажай ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына 1 алтын 1 қола жүлде түсті. Ашық суда 5 шақырымға жүзуде Виталий Худяков бірінші келді.
Қазақстандық жүзгіш 5 шақырымды 58 минут 3 секундта жүзіп өтті. Ол осыған дейін 10 шақырымға жүзуде де бірінші келіп, жеңімпаз атанған болатын.
5 шақырымға жүзуде бақ сынаған қазақстандық екінші бір спортшы Кенесары Кененбаев алтыншы орын алды. Ол аталған қашықтықты 1 сағат 1 минутта жүзіп өтті.
Қыздар арасында 10 шақырымға жүзуде Ксения Романчук үшінші болып келіп, қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, V Азия жағажай ойындары 3 қазан күні аяқталады. Бұл дода екі жылда бір өтеді.