Азия чемпионатына қатысатын қазақ боксшы қыздары

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Азия чемпионатына қатысатын қазақ боксшы қыздары
Фото ©️ Informburo.kz

Бокстан биылғы Азия чемпионаты алғаш рет ерлер мен әйелдер арасында бір уақытта ұйымдастырылмақ. Осыған дейін бір елде, бір уақытта өтіп көрмеген.

БӨЛІСУ

Бұрымды боксшылар арасындағы сары құрлықтың басты додасы 2001 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақ боксшы қыздары да жарыстан шет қалған емес. Тіпті 2010 жылғы қыздар арасындағы Азия чемпионаты елордада өткен.

2019 жылғы Азия чемпионаты 16-26 сәуір аралығында Таиланд елінің астанасы Бангкокта өтеді. Ұлттық құрама сапында 10 боксшы қыз бақ сынайды. Бұл туралы команданың бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк өз сұқбатында айта кетті.

48 кг: Алуа Балқыбекова
51 кг: Назым Қызайбай
54 кг: Дина Жоламан
57 кг: Сәния Сұлтанқызы
60 кг: Римма Волосенко
64 кг: Милана Сафронова
69 кг: Дариға Шәкімова
75 кг: Ақерке Бақытжан
81 кг: Фариза Шолтай
+81 кг: Ләззат Күнгейбаева

- Құрлық додасынан бір алтын, бір күміс және бір қола жеңіп алсақ деген мақсатымыз бар. Негізгі қарсыластарымыз – Қытай мен Солтүстік Корея. Қытайдың соңғы әлем чемпионатында төрт алтын иеленгенін білесіздер. Шаршы алаң иесі саналатын Тайланд қыздарын да есептен шығаруға болмайды. Десе де, біз медаль үшін барымызды саламыз, - дейді бас жаттықтырушы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына берген сұқбатында.

Қыздар боксы Олимпиада бағдарламасына 2012 жылы енді. Одан бергі аралықта салмақ дәрежелері де артуда.

Айта кетейік, бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының да деңгейі өсіп келеді. 2008 жылы Үндістандағы жарысқа 79 спортшы, 2010 жылы Қазақстанда өткен біріншілікте 16 елден 84 боксшы, 2012 жылы Моңғолияда 17 елден 82 спортшы, ал 2015 жылы Қытайда Азия чемпионатына 16 елден 96 спортшы қатысқан. 2017 жылы Хошиминдегі додада 22 елден 118 спортшы бақ сынады. Бангкокта қатысатын елдер мен боксшы қыздар саны арта түспек.

2017 жылы Хошиминде өткен Азия чемпионатында қазақ боксшы қыздары 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған болатын.