Индонезия жерінде өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толықты. Қазақстандық балуан Жұлдыз Ешімова еркін күрестен күміс медаль жеңіп алды.
Азия ойындары ақпараттық сайтындағы дерекке сәйкес, 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жұлдыз Ешімова ақтық сында Солтүстік Корея өкілі Пак Юнг Миден 11:0 есебімен жеңіліп, Қазақстан қоржынына екінші күміс жүлдені салды.
Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарының екінші күні Қазақстан құрамасы жалпы есепте 5-ші орыннан 11-ші орынға сырғып кетті. Азия ойындарының сайтындағы медальдар есебі бойынша бүгін көш бастаған Қытай құрамасы қарсыластарынан оқ бойы озып кеткен. Олардың еншісінде 15 алтын, 12 күміс, 9 қола (36) медаль бар. Екінші орында 8 алтын, 11 күміс, 11 қола (30) медаль еншілеген жапондық спортшылар келе жатса, үздік үштікте 5 алтын, 9 күміс, 10 қола (24) медаль жеңіп алған Оңтүстік Корея спортшылары келе жатыр. Ал Қазақстан спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 3 қола (6) медальмен 11-ші орында келеді.