9 қыркүйек күні Астанада қазақ кәсіпқой боксшыларының қатысуымен бокс кеші өтеді. Осы кеште шаршы алаңға шығатын отандасымыздың бірі Айдос Ербосынұлының қарсыласы белгілі болды.
Орта салмақта (72,5 келі - 160 фунт) бақ сынайтын отандасымыздың қарсыласы – италиялық Микел Ди Рокко. Кәсіпқой бокста тіс қаққан тәжірибелі боксшылардың бірі. Осыған дейін кәсіпқой бокс шаршы алаңында 41 кездесу өткізіп, 38 жекпе-жегінде жеңіске жетсе, тек 3 ғана кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татқан. 18 кездесуінде ол қарсыластарын нокаутқа түсірген. Еуропа чемпионы атағына дейін қол жеткізген.
35 жастағы боксшы соңғы кездесуін 2017 жылдың 1 қаңтарында Ресей астанасы Мәскеу қаласында өткізіп, ресейлік Эдуард Троянскийден жеңіліп қалған. Тағы бір айта кететін жайт, 2016 жылдың мамыр айында италиялық боксшы WBA белбеуі үшін америкалық Риккин Бернспен кездесіп, есе жіберген.
Ал Айдос Ербосынұлы болса кәсіпқой бокста алты кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 25 жастағы отандасымыз 5 рет қарсыласын нокаутқа түсірген. Соңғы кездесуін ол 2017 жылдың 17 маусымында АҚШ-тың Балтимор қаласында өткізіп, америкалық Дэвин Батчерді жеңді.
Еске салайық, Астанадағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде бірінші орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Қанат «QAZAQ» Ислам (24-0, 19 КО) өз белбеулерін канадалық Брэндон Кукқа (18-0, 11 КО) қарсы өтетін жекпе-жекте қорғайды. Сондай-ақ осыған дейін Жанқош Тұраров, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаевтың да қарсыластары белгілі болған еді.