Қазақстандық ауыр атлет Айдар Қазов Тайбейде өтіп жатқан Универсиада ойындарында жеңімпаз атанды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медальды салды.
Айдар Қазовтың жұлқа көтерудегі үздік нәтижесі 145 келі болды. Канадалық Алекс Бельмер 147 келіні, ресейлік Вячеслав Яркин 150 келіні көтерді. Ал серпе көтеруде отандасымыз жарысты сәтті бастады. Бірінші мүмкіндігінде 175 келіні, екіншісінде 186 келіні көтере білді. Нәтижесінде қоссайыс қорытындысы бойынша (331 келі) үздік шықты.
Ресейлік Вячеслав Яркин 330 (150 + 180) келімен күміс медальды иеленсе, қола жүлде канадалық Алекс Бельмерге 316 (147 + 169) бұйырды.
Айдардың алтыны – Қазақстан құрамасының қоржынына түскен төртінші жүлде. Осыған дейін Дмитрий Баландин (100 метрге брасс әдісімен жүзуде) мен ауыр атлет Арли Чонтей қола алған еді. Ауыр атлет Альберт Линдер ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтынды салған болатын.