Ауыр атлетикадан 85 келіде екі әлем рекорды жаңарды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Ауыр атлетикадан 85 келіде екі әлем рекорды жаңарды (видео)
Фото ©️ payvand.com

Ауыр атлетикадан 85 келіге дейінгі салмақта екі бірдей әлем рекорды жаңарды. Иран астанасы Тегеранда өтіп жатқан халықаралық «Fajr Cup» іріктеу Гран-При турнирінде жергілікті спортшы Киануш Ростами осыған дейінгі рекордтарға жаңарту енгізді.

БӨЛІСУ

Ирандық ауыр атлет 85 келіге дейінгі салмақта екі бірдей рекорд жаңартты. Алдымен серпе көтеруде 220 келіні басынан асырып, 1998 жылғы қытай спортшысы Чжан Юн (218 келі) орнатқан рекордтан асып түсті. Ал қоссайыста 395 келімен 2008 жылы Пекин Олимпиадасында рекорд жасаған беларус Андрей Рыбаковтың (394 келі) рекордына түзету енгізді.

Киануш Ростами – танымал ирандық ауыр атлеттердің бірі. 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысып, қоссайыста 391 (178+213) келімен жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Ал оған дейін Париждегі (2011 жыл) әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері.

Айта кетейік, Тегерандағы турнирге Алексей Ни бастаған Қазақстан құрамасы екі спортшымен аттанған болатын. Әлем рекорды жаңарған 85 келіге дейінгі салмақта Михаил Макеев оныншы орын алса, 94 келіге дейінгі салмақта Семен Линдер төртінші орын алды.

Спортшылар мен жаттықтырушылар бүгін елге оралады. Ертең Талдықорғанда ауыр атлетикадан ел чемпионаты басталады.