2020 жылы күншығыс елінде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына әуесқой бокс енгізілмеуі мүмкін.
Бұл жайлы дәл қазір қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатқан Пхенчхан қаласында өткен кезекті жиналыста баяндалды. Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың мәлімдеуі бойынша АИБА-да орын алған жағдайларға байланысты осындай дау шықты. Қазіргі уақытта ұйымды басқарып отырған тұлғалардың жұмысын бақылауға ала отырып, тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, АИБА-ның қаржылық мәселелері ушығып, нәтижесінде президент Чинг-Куо Ву қызметінен босатылды. Бұл спорт түрінің Олимпиада бағдарламасынан алынуының ең негізгі себебі де осы сияқты. Ұйымның бүгінгі басшысы Өзбекстан азаматы – Гафур Рахимов.
Олимпиада ойындарында дәл осы спорт түрінен әр төрт жыл сайын бірнеше жүлдеге иелік ететін Қазақстан құрамасы үшін бұл жаңалық қаралы хабармен тең. Әсіресе, 69 кг салмақ дәрежесіндегі алтын біздің елдің меншігі деп те айтылады. Сондықтан, бокстың Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталмағаны бізге ауадай қажет. Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта тағы қаралатын көрінеді.