Атойлап жеңген жеңістер

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Атойлап жеңген жеңістер
Фото ©️ Ақын Ордабайұлы

Мейбуакан Годдзю-рю каратэ-до жекпе-жегінен Украинаның Одесса қаласында мамырдың 10-12 аралығында Әлем чемпионаты өтті. Жарысқа қазақстандық спортшылар да қатысты.

БӨЛІСУ

Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Әлем жекпе-жегінде ел намысын қорғаған қайсар мінез қаракөз жастарымыздың барлығы дерлік құр қол қайтпай жеңіс сатысына көтеріліп, үлкен жетістікпен елге оралып келеді.

Әлем чемпионаты болған соң  әр елдің сайдың іріктелініп алынған марқасқа спортшылары келетіні белгілі. Одесса қаласында Годдзю-рю каратэ-до жекпе-жегінен жалауын көтерген әлем додасына 18 мемлекеттен айтулы спорттың шеберлері келіп өнер көрсетті. Қазақстан командасын бастап барған Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Нұрлан Керімбаевтың шәкірттері тамаша өнер көрсетіп, зор жетістікке қол жеткізді.

Сонымен ел қоржынына жүлде салған каратэ шеберлерінің есімдерін алға тарталық. Негізі жекпе-жектер Го кумите-толықтай контакт пен  Дзю кумете – жартылай контакт секілді екі жүйемен өтті.  Алтын жүлдені 57, 63, 84 кило және абсалюттік салмақтарда Бауыржан Жұман, Несіпбек Бақтияр, Жандәулет Бекзатовтар жеңіп алса, күміс жүлдені Медет Бағдат (57 кило), қола  жүлдені Мәулен Тұрысбек (74 кило) иеленді. Бір айта кетер қуанышты жәй, абсалюттік салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Жандәулет Бекзатов әлемнің 3 дүркін, Еуропаның 2 дүркін және Украинаның  5 дүркін чемпионы  Гуньконы асқан басымдылықпен атойлап жүріп жеңді.

Жалпы 500 ден аса каратэ-до шеберлері қатысқан әлем чемпионатында топ жарып осындай табысқа ие болу үлкен мақтауға лайықты нәтиже. Қазақстан құрамасының спортшылары осындай толағай табысымен көзсіз ерлік жасап, еліміздің  мерейін асқататып отыр. Жеңістің бас тұғырына көтерілген спортшыларымыз 4 рет еліміздің әнұранын орындатып, көк байрағызды 4 рет бәрінен биік көтергізді. Ия, Годзю-рю каратэ-до спорты елімізде енді ғана еңсесін тік ұстап, әлем аламандарына қосылып келе жатқан жас спорт түрінің бірі.

ҚР Мейбукан Годзюрю карате-до Ассоциаясының президенті, қара белбеу 6 дан иегері Нұрлан Керімбеков секілді өз ісінің майталман шебер мамандары жаттықтыратын ел құрамасының жастары жалынды өнерлерімен соңғы жылдары командалық үздік үштіктен төмен түскен емес. Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан  болсын дегендей, елім деп елеулі еңбегімен алғысқа бөлене бастаған Нұрлан Керімбековтей ер тұлғалы, өз таңдаған спортына жанашыр жандардың арқасында  кенжелеп болса  да келіп қосылған, годзюру мейбукан карате-до түрі, қазірдің өзінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. Соның бір айшықты айғағы Одессада өткен Әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасының орасан зор табысы екенін айтқымыз келеді.

Қарға сойса да қасапшы сойсын, - демекші, Нұрланның шығыстың осы бір спортын түрінің  әдіс-айласын терең меңгеріп алғанымен қоса, айтулы спорт түрін жақсы көріп, шәкірттеріне бай тәжірбиесін аянбай бере отырып, жеңіс жолында барынша әрекет жасауының жемісі осындай үлкен нәтижелерге жеткізіп келеді. Айбарлы да айбынды  алаштың жас ұландары жеңіс тұғырының барлық сатысынан көрініп, еліміздің абыройын асқататып қайтып келеді.  Ендеше жігерлі жастарымызды  жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тілейміз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ