Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан барлық командалар да анықталды. Жеребе 11 сәуір күні тартылады.
«Атлетико» (Испания) – «Барселона» (Испания)
Мадридтік команда бұл маусымды өте керемет деңгейде өткізуде. Каталондық «Барселонамен» болған соңғы төрт ойында да жеңілмеген клуб бүгін жеңіс тойын тойлады. Жай жеңіс емес, жарқын жеңіс. Алғашқы 10 минутты бас айналдырарлық жоғарғы деңгейде өткізген клуб 5-ші минутта-ақ есеп ашып алды. Ал араға бірнеше минут сала бұрынғы «блауграна» шабуылшысы Давид Вилья қақпа бағанын қатарынан 3 рет дәл көздеді. Испандық шабуылшыға сәттілік жетіспесе, Пинтоны періштесі қақты. Ал әлемнің үздік ойыншыларының бірі Мессиден бүгін Неймар жақсы ойнағандай. Өз кезегінде командасы үшін қолынан келгенінің барлығын жасап бақты. Андреас Иньеста да 500-ші кездесуін өз пайдасына жазар нәтиже сыйлай алмады. Коке соққан жалғыз голмен алғашқы кездесу қорытындысы бойынша, мадридтік «Реалдың» жолын «Атлетико» жалғады. Ал «Барселона» соңғы 7 маусымда алғаш рет жартылай финалға өте алмай отыр.
«Бавария» (Германия) – «Манчестер Юнайтед» (Англия)
«Қызыл сойқандар» ширек финалға дейін жетті. Одан әрі мюнхендік клуб асырмады. Өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнаған манкуниандық клуб түзде есе жіберді. Есе жібергенмен кездесуді атой салып бастаған-ды. Тек Дэвид Мойес шәкірттеріне алғашқы таймда сәттілік жетіспеді. Алғаш болып есеп ашып айды аспанға шығарғанымен, қуаныштары небәрі бірнеше минутқа ғана созылды. Патрис Эвра соққан голға Марио Манджукич жылдам жауап қатты. Араға 10 минут сала Томас Мюллер Арьен Роббеннен тамаша пас алып командасын алға шығарды. 76 минутта Роббен барлық қорғаушыларды қапыда қалдырып, есепті 3:1-ге жеткізіп кетті. Осылайша «Бавария» жартылай финалға өтсе, «Манчестер Юнайтед» Чемпиондар лигасымен қоштасты. Бәлкім бұл клубтың келер маусымдағы еурододаға қатыспай қалу қаупі де жоғары.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com