Мадридтің "Атлетико" футбол клубы бірінші болып Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты. Лестермен өткен қарымта ойында 1:1 есебімен тең түсті.
Испандық ұжым өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ал Англияда жартылай финалға шығу үшін тең нәтиже де жеткілікті болды.
Ойындағы бірінші голды "Атлетико" командасы соқты. 26 минутта Сауль Ньигестің баспен бағыттаған добын Каспер Шмейхель қайтара алмады. Доп қақпа торында тулады. "Лестер" ойыншылары таразы басын екінші таймда теңестірді. 61 минутта Джейми Варди гол соқты. Одан кейінгі уақытта командалар арасындағы есепке өзгеріс енбеді.
Айта кетейік, өткен маусымда Англия премьер-лигасының чемпионы атанған "Лестер" Чемпиондар лигасына өз тарихында алғаш рет қатысты. Ал "Атлетико" Еуропаның басты додасында 12-ші рет бақ сынап отыр. Оның 4-де жартылай финалға шыққан.