"Астананың" бас жаттықтырушысы қызметінен кетті

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Айбар Рысдәулет>
"Астананың" бас жаттықтырушысы қызметінен кетті
Фото ©️ fca.kz

Екі тарап келісімі бойынша "Астана" футбол клубы команданың бас бапкері Роман Григорчуктың еңбек келісімшартын тоқтатты.

БӨЛІСУ

Бұл туралы елордалық клуб ресми мәлімдеді. Украиналық маман 2018 жылы маусым ортасында команда тізігінін ұстап, одан кейін отбасылық жағдайына байланысты клуб сапынан кетіп, артынша 2019 жылдың қаңтар айында жұмысына қайта кіріскен еді.

– Футболдағы өмір осындай, біз тек ілгері қарауға тиіспіз. Мен өз кезегімде барлық клуб мүшелеріне, бапкерлер құрамына, футболшыларға бірлескен жақсы жол үшін алғыс білдіремін. Бірінші кезекте баршаңызға зор денсаулық және де футболда жоғары жетістіктер тілеймін. Сондай-ақ өз алаңымыздағы кездесулерде тамаша атмосфера жасай білген біздің жанкүйерлерімізге алғымды айтамын. Әрине мен «Астананың» алдағы ойындарын бақылап, жеңіс тілейтін боламын. Клуб өз алдына жоғары мақсат қоюын жалғастырады деген сенімдемін.

Егер бір ойынға ерекше назар бөлетін болсам, онда өз алаңымыздағы БАТЭ командасына қарсы кездесуді айтқан болар едім. Бұл біздің Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығу жолындағы ең маңызды ойын болды, әрі ол кездесуді жоғары деңгейде өткізу біздің қолымыздан келді, - деп келтіреді Роман Григорчуктың сөзіне клубтың баспасөз қызметі.

Команда өткен маусымда Григорчукпен бірге Қазақстан Премьер-Лигасында топ жарып, Суперкубокта жеңіске жетіп, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шыққан еді. Сондай-ақ клуб сапынан бас бапкердің ассистенттері Михаил Савка, Анатолий Коротя және қақпашылар жаттықтырушысы Андрей Глущенко кетті.

Роман Григорчук – үш түрлі клубпен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан өте тәжірибелі маман. Латвияның "Венспилс", Украинаның "Черноморец" және Әзербайжанның "Габала" (екі рет) клубтарын еурокубок додасында алға сүйреген. 2013/2014 жылғы маусымда одессалық клубпен аталмыш турнирдің 1/16 финалына шыққан.

Одан бөлек украиналық маман үш мәрте Латвия чемпионатында топ жарып, екі мәрте Балқан түбегі елдерінің кубогында жеңіске жеткен. Сондай-ақ Әзербайжан чемпионатында екі рет күміс, екі рет қола жүлдені жеңіп алған.

Ал жеке марапатқа келер болсақ, Роман Григорчук үш мәрте Латвияның үздік жаттықтырушысы атанған. Украина және Әзербайжан елдерінде де бір-бір реттен осы жетістікке қол жеткізген.