Кәсіби "Астана" велокомандасы таяуда өтетін Tour of Almaty-2019 жарысына қатысатын спортшылар құрамын жариялады. Велобәйгеде 7 шабандоз бақ сынайды.
Сонымен, Евгений Гидич, Юрий Натаров, Дмитрий Груздев, Артем Захаров, Даниил Фоминых, Жандос Бижігітов және Никита Стальновтар қатысады.
"Астана" командасының спорттық директоры және тас жолдағы велоспорттан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Асан Базаевтың айтуы бойынша "Астананың" командалық балансы шабандоздарға жарысты бақылауда ұстауға көмектеседі.
- Құрамды жасақтауда команданың атынан біз қазақстандық велошабандоздарды таңдадық. Айтарлықтай өзгерістер енгізе қойған жоқпыз. Ал көшбасшымыз Алексей Луценко басқа ірі рейтингтік, алдымен Францияда, кейін Германияда өтетін жарыстарға қатысады, - деп хабарлады Асан Базаев.
Асан Базаев тактикалық және стратегиялық сәттер жайлы әңгіме барысында "Астананың" жұмысына өзгерістер мен толықтырулар тек алғашқы кезең қорытындысынан кейін ғана енгізілетіні жайлы атап өтті. Дегенмен, команда әр түрлі сценарийлерге дайын. Ал велошабандоздардың алдында тұрған ең басты мақсат әрине, жеңіс.
Команда құрамында көзге бірден түсетін капитан болмайды. Және жарыста көп нәрсе бақылауға байланысты.
- Негізгі тактикалық әдіс жарыс барысында анықталады.Қандай оқиға орын алатынына байланысты одан әрі жарысты қалай жүріп өтетініміз жайлы командада сараптама жасаймыз. Алғашқы жарыс күні жазық аймақта өтеді. Және көп нәрсе алға озған топқа байланысты болады. Ал дәлірек айтсақ оның құрамында қай шабандоздардың болатынына байланысты. Сөзсіз біздің команда "Алматы Турын" өз бақылауында ұстайды. Алайда спортта әр түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан біз әр түрлі сценарийлерге дайын болуымыз қажет.
Бұрын айтып өткенімдей, көп дүние алғашқы кезеңге байланысты. Егер финишке топ болып келсе, онда екінші жарыс күні бізге пелотонды бөлуге тура келеді. Сонымен қатар командада капитан болмайды. Бірақ, капитан қызметінің функцияларын тәжірибесі мол біздің Дмитрий Груздев атқарады. Оған қарамастан бүкіл командамыз дайын. Әрқайсының өз басымдылықтары бар. Мысалы, Фоминых жазық аймақта жақсы жүреді. Натаров пен Гидич – таулы аймақтың шабандозары. Баланс бар. Енді тек жарыстың барысына қарай жұмыс жасап, бақылау қажет.
Пелетонда басқа командадан әмбебап шабандоз болуы мүмкін. Егер сол шабандоз жазық аймақта бір минуттан аса уақыт ұтатын болса, екінші жарыс күні алға озған топты жеңу қиынға соғады. Себебі ол таулы аймақта да өзін қолайлы сезінеді.
Әрине, жеңіс үшін жұмыс істейтін боламыз. Ең басты мақсатымыз елімізде өтетін жарыста үздік нәтиже көрсету. Оған қоса маңызды рейтингтік ұпайлар да бар. Сондықтан қолымыздан келгенше тырысамыз, - деді Асан Базаев.