Велотректен Астанада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қатысушылар жаппай құлады. Скрэтч кезеңінің финалдық айналымында италиялық велоспортшы қателікке бой алдырып, соңы спортшылардың жаппай құлауымен аяқталды.
Скрэтчтің финалдық кезеңіне 20 велоспортшы шыққан болатын. Қатысушылардың орта жолдағы қателігінен кейін барлығына медициналық көмек көрсетілді. Құлағандардың арасында Малайзия елінен келген спортшы ауырлау жарақат алған. Әзірге жарақатының салдары айтылған жоқ. Өзге велоспортшылардың аяқ-қолдары жырылған.
Скрэтч кезеңі соңына дейін жалғасып, австралиялық Дерек Радзикевич чемпион атанды. Күміс чех елінен келген спортшы Иржи Яношекке бұйырса, қоланы неміс Моритц Мейсснер қанағат тұтты.
«Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан әлем чемпионаты 23 тамыз күні мәресіне жетеді. Додаға әлемнің 32 елінен 200-ден астам спортшы қатысуда. Барлығы 19 медальдар жиынтығын сарапқа салуда.