27 наурыз күні Астанадағы "Тәуелсіздік сарайында" УЕФА-ның кезекті XXXVIII конгресі өтеді. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып жоғарғы дәрежедегі жиынды өткізгелі отыр.
Еуропа футбол қауымдастығы одағының ресми жиналысына құрамына енетін 54 елдің өкілдері қатысады. Ал конгресте төмендегі мәселелер қаралады:
- УЕФА президенті Мишель Платинидің есеп беруі;
- УЕФА-ның атқарушы комитетінің есеп беруі;
- 2012/13 жылғы ұлттық құрамалар, клубтардың шығындары мен пайдалары;
- УЕФА жарғысына жаңа заңдарды енгізу.
Қырым оқиғасына байланысты Еуропарламент мүшелері мен түрлі ұйым өкілдері "Ресейде 2018 жылғы Әлем біріншілігін өткізбеу керек", - деген мәселе мен "Газпромның" алдағы демеушілік жағдайын да сөз қылатын болады. Сонымен қатар, Ресей біріншілігіне өтпекші болған украиналық «Таврия» мен «Севастополь» клубтарының тағдыры талқыланады.
Жиын аяқталған соң УЕФА президенті Мишель Платини мен Еуропа футбол одағының бас директоры Джанни Инфантино арнайы брифинг өткізеді. Жиын алдында, 25 және 26 наурыз күндері Астананың "Rixos President" қонақ үйінде УЕФА-ның атқарушы комитетінің жиналысы болады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: ru.uefa.org