Тұңғыш рет Астана қаласында дзюдодан әлемдік Гран-При өтуде. Дүбірлі додаға 36 елден 366 татами шеберлері қатысып жатыр.
Спортшылар 14 салмақ дәрежесінде (ерлер арасында да, әйелдер арасында да жеті салмақтан) бақ сынайды. Біздің елден бұл турнирге 52 балуан (26 жігіт, 26 қыз) қатысуда.
Ал бастысы - бұл турнир Олимпиада ойындарының лицензиялық сыны болып табылады. Яғни, «Сарыарқа» велотрек кешеніндегі белдесулердің қорытындысы бойынша балуандар еншісіне ұпай жазылатын болады. Ол ұпайлар 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алуға септігін тигізеді.
Бүгін әйелдер арасында 48, 52, 57 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар анықталса, ерлер сынында 60 және 66 келідегі мықтылар іріктеліп шығатын болады. Ал жарыстың ресми ашылу салтанаты 16:30-ға жоспарланған. Астана төріне төселген татамидегі нәтижелермен біз сіздерді хабардар етіп отыратын боламыз.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: @massaget.kz