Бүгін Астана қаласында дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары бақ сынайтын дода қазақ жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Рио Олимпиадасына лицензиялық ұпайлар тарататын әлем чемпионатына 137 елдің спортшылары қатысуда. Барлығы 823 спортшы (495 ер, 328 қыз) қатысатын болады. Сонымен қатар 160 бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тіркеуден өткен. Дүбірлі дода 30 тамызға дейін жалғасады.
Қазақстан ұлттық құрамасының намысын 24 дзюдошы қорғайды. 18-і жекелей сында бақ сынаса, 6 спортшы командалық жарыста татамиге шығады.
Қазақстандық спортшылар жарысты бастап та кетті. 60 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Елдос Сметов бірінші кездесуінде Финляндиядан келген спортшы Йюхо Рейнваллдан басым түсті. Осы салмақтағы екінші спортшы Рүстем Ыбраев болгар Янослав Гречевті ұтты. Ал әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта бүгін жарыс жолына Гүлбадрах Отгонцецег пен Александра Подрядова татамиде ел намысын қорғайды. Екеуі де жарысты екінші кезеңнен бастайды.