EXPO-2017 көрмесі аясында Астанада халықаралық марафон өтеді. Бүгін Астанадағы Hilton Garden Inn Astana» қонақ үйінде осы іс-шараға арналған баспасөз мәжілісі өтті.
Осы жылдың 4 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) жеңіл атлетикадан Астанада халықаралық марафон өткізу туралы келісімге келген еді. Бұл марафонды құрылғанына биылғы жылы 25 жыл толатын "Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің" (АӨСШК) форумымен бірге өткізу жоспарланған.
Астанада өткен баспасөз мәжілісіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бірінші вице-президенті Эльдар Табанов, «Шанхэ» мәдениет және спорт компаниясының төрағасы Чжан Цинь қатысты.
– Биылғы жылдың 27 тамызында Астанада «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің» форумымен бірге марафон өткізу туралы шешім қабылданды. Өздеріңіз білесіздер, EXPO-2017 көрмесі аясында көптеген халықаралық спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сондай маңызды шаралардың бірі Астана халықаралық марафоны деп отырмыз. Марафон – Шанхай ынтымақтастық ұйымының қолдауымен өткізілгелі отыр. Бас хатшысы Рашид Алимов мырзамен кездесіп, осындай келісімге келдік. Қытай тарапы бейнеролигінен бастап барлығын түсіріп, халықаралық аренаға тарататын болады. Ол елде бұған дейін мұндай ірі масштабтағы марафон өткен. Сондықтан көрші елдің марафон ұйымдастырудағы тәжірибесі мол. Енді сол тәжірибесін бізбен де бөліспекші, – дейді Е.Қанағатов.
Оның айтуынша, марафон үш қашықтық бойынша өткізіледі. Қатысушылар 10, 42 және ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне сәйкес 2017 шақырымға жүгіреді. Шетелден 700-1000 мыңдай қатысушы келсе, өзімізден 4000 марафоншы бақ сынайды деп күтілуде.
– Жеңіл атлетика федерациясының маңызды бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын насихаттау. Сондықтан еліміздің әр қалаларында осындай марафондар өткізуді қолға алдық. Бұған дейін 6 мамырда Атырауда жартылай марафон өтсе, алдағы күндері Қарағанды қаласында тағы бір марафон ұйымдастырылады. Сондай-ақ Тараз және Өскемен қаласында өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Ал Астанадағы халықаралық марафон EXPO-2017 көрмесі аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының қолдауымен қолға алынып отыр. Біз өз тарапымыздан бұл марафнның жоғары деңгейде өткізілуі үшін аянып қалмаймыз. Сондықтан барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!, – деді Эльдар Табанов.
Баспасөз мәжілісінің соңында ҚР Мәдениет және спорт министрлі, ҚР Жеңіл атлетика федерациясы және «Шанхэ» мәдениет және спорт компаниясы арасында Астана халықаралық марафонын өткізуге арналған үш жақты меморандумға қол қойылды.
Өткен жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы алғаш рет осындай халықаралық марафон ұйымдастырған болатын. Оған ұйымға мүше 4 елден 15,6 мың адам қатысқан. Марафон ұйымның 15 жылдығына байланысты өткізілген еді.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы бұл келісім бәріміз үшін жемісті болды. Былтырғы жылы осы ұйымға мүше Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінен 15 мыңнан астам марафоншы қатысты. Биылғы жылы Астанадағы марафонға 5 мың адам қатысады деп күтілуде. Бұл марафон EXPO-2017 көрмесі аясында өтеді, – деді «Шанхэ» мәдениет және спорт компаниясының төрағасы Чжан Цинь.