Қазақстандық «Астана» командасының шабандозы Валентин Иглинский келер жылдан бастап француздық AG2R La Mondiale командасының намысын қорғайтын болды. Оның орнына елордалық команда сапына италиялық Винченцо Нибали келді. Массагет порталы «Астана» велокомандасының қатарынан кім кеткенін және де команда қатарын қандай спортшылар толықтырғанын анықтады.
Сөзсіз, «Астана» командасының басты шығыны - Александр Винокуров. Олимпиада чемпионы спорттық мансабын аяқтағанымен, клуб сапында қала береді. Атқарушы директор қызметінде. Сонымен қатар спорттық ғұмырына тағы бір қазақстандық велошабандоз Дмитрий Фофонов та нүкте қойды. «Астана» сапынан команданы соңғы жылдары алға сүйреп жүрген чех жігіті Роман Кройцигер де кетті.
Роберт Кисерловски де елордалық командамен келісім-шартын ұзартуды құп көрмепті. Роберт алдағы маусымда RadioShack-Nissan командасында өнер көрсететін болады. Ал қазақстандық Евгений Непомнящий мен Сергей Ренев «Астана» командасының құрлықтың командасының сапына ауыстырылды. Міне, «Астана» велокомандасының сапынан кеткен спортшылардың тізімі осындай.
Енді команда сапында алдағы маусымда өнер көрсететін жігіттерге тоқталсақ. Алдағы маусымнан бастап астаналық команда жейдесін 2010 жылғы “Вуэльта” көпкүндігінің жеңімпазы итальян жігіті Винченцо Нибали киетін болды. Нибалимен бірге Қазақстанға Алессандро Ванотти, Андреа Гуардини және Фабио Ару секілді жігіттер де келді. Сонымен қатар, команда сапын жас спортшылар Алексей Луценко, Руслан Тілеубаев және Арман Қамышевтармен толықтырды. Жоғарыдағы үш спортшы да былтырғы маусымда «Астана» командасының екінші құрамында өнер көрсеткен.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: vesti.kz