"Астана" төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атанды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
"Астана" төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атанды

Футболдан ел премьер-лигасы аяқталды. Соңғы турда "Астана" өз алаңында Оралдың "Ақжайық" командасын ұтып, ел чемпионы атанды.

БӨЛІСУ

Елордалық команда аса маңызды ойында "Ақжайықтан" 2:0 есебімен басым түсті. Командаға жеңіс сыйлаған, чемпиондық атақты сыйлаған екі голды да Джуниор Кабананга соқты. 51 минутта және қосымша уақытта оралдық команданың қақпашысын қапы қалдырды. Нәтижесінде "Астана" төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атанып отыр. 

Чемпиондық атақтан соңғы турға дейін үміт үзбеген "Қайрат" Алматыда "Ақтөбені" 3:2 есебімен ұтты. Алайда "Астанадан" 1 ұпай кем қалып, биыл да күміс жүлдені қанағат тұтты.

Ел чемпионатының қола жүлдегері атанған "Ордабасы" соңғы турды өз алаңында өткізіп, Көкшетаудың "Оқжетпес" командасын 3:2 есебімен ұтты. Аса тартысты өткен кездесуде шымкенттік команда сапынан Иорданов хет-трик авторы атанды.

Премьер-лигадан шығып қалған "Тараз" соңғы турда өз алаңында Қызылорданың "Қайсар" командасынан ұтылды. Қонақтарға жеңіс сыйлаған голды Дмитрий Евситигнеев соқты.

Еуропа лигасының соңғы жолдамасы "Ертіске" бұйырды. Соңғы турдың соңғы минуттарында павлодарлық команда "Шахтерды" сан соқтырып кетті.

Премьер-лигада төртінші орын алуға "Ертіс" пен "Тобыл" үмітті еді. Қостанайлық команда соңғы турда "Атырауды" 2:0 есебімен ұтқанмен, Еуропа лигасына жолдама ала алмады. "Ертістен" 1 ұпайға қалып қойды.

"Ертіс" жолдаманы соңғы сәтте иеленді. Карлос Фонсеканың қосымша уақытта соққан голы павлодарлық команда мен жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады.

Келер маусымда Еуропа лигасында "Қайрат""Ордабасы" мен "Ертіс" ел намысын қорғайды. Ал "Астана" Чемпиондар лигасында бақ сынайды.