«Астана» топтық кезеңге бір табан жақындады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
«Астана» топтық кезеңге бір табан жақындады (видео)
Фото ©️ sports.kz

Футболдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі бірінші ойында «Астана» өз алаңында Кипрдің «АПОЭЛ» клубын ұтты. Қазақстандық клубқа жеңіс сыйлаған голды Бауыржан Жолшиев соқты.

БӨЛІСУ

«Астана» ойыншылары ойынды жоғары қарқынмен бастады. Жылдам гол соғуға ұмтылған Станимир Стойлов шәкірттерінің ойын жүйесінен нәтиже де шықты. 14 минутта Фокси Кетевоаманың әуелете асырған добына бірінші болып ұмтылған Бауыржан Жолшиев ойындағы есепті ашты. Одан кейінгі сәттерде де елордалық клубтың ойыншылары қарсыласты қыспаққа алумен болды. Қонақтар айып алаңындағы қауіпті сәттердің бірінде Бауыржан Жолшиев екінші голын соғуға мүмкіндігі болды. Бірақ, Бой Ватерман өз орнынан табыла білді. Нәтижесінде өз қақпасын голдан құтқарып қалды.

Бірінші таймның орта тұсынан бастап «Астана» ойыншыларының қарқыны  бәсеңдей бастады. Қонақтар бірінші нөмірмен ойнауға көшті. Қарымта шабуылда ойнаған елордалық клуб бірінші таймның аяқталуын күткендей сыңай танытумен болды. Төреші қосқан 1 минут та мәресіне жетіп, бірінші тайм 1:0 есебімен қазақстандық клубтың пайдасына шешіліп шықты.

Екінші таймды кипрлік клуб ширақ бастады. Шабуылға баса назар аудара бастады. 55 минутта «Астана» қорғаушыларының қателігін пайдаланып кетуге аз-ақ қалды. Қазақстандық жанкүйерлердің бақытына орай, бұл доп қақпадан қиыс кетті. 62 минутта қонақтардың айып соққысы Ненад Эрич қақпасына айтарлықтай қауіп төндірді. Танат Нөсербаевты алмастырған Джуниор Кабананга «Астананың» шабуылына аз да болса адуын қосты. 77 минутта Неманья Максимовичтің  соққысы қарсыластар қақпасына қауіп төндіргенмен, нәтиже шықпады.  80 минутта Фокси Кетевоама алыстан жойқын соққы бағыттады. Бұл жолы да Бой Ватерман қақпасын голдан құтқарып қалды. 87 минутта Бауыржанның қиып асырған пасын Фокси Кетевоама голға айналдыра алмады. Бой Ватерман бұл тұста да шеберлігін танытты. Қонақтар да өз кезегінде қарап қалған жоқ. Шабуылды барынша үдетумен болды. Бірақ, қазақстандық клубтың ойыншылары қателікке бой алдыра қойған жоқ. Соңғы минуттарға дейін өзіндегі бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмаған Фокси Кетевоама алаңдағы орнын Серікжан Мұжықовқа босатты. Қонақтар таразы басын теңестіруге ұмтылғанмен, «Астана» ойыншылары жеңісті уысында сақтап қала алды. Қарымта ойын бір аптадан кейін Кипрде өтеді.

Жеңіс құтты болсын!