Футболдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан елордалық «Астана» Кипрдің «АПОЭЛ» клубына қарсы ойынын Алматының орталық стадионында өткізетін болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.
- УЕФА «Астана» ойыны өтетін күн мен уақытын белгіледі. Бірінші ойын 18 тамыз күні Алматының орталық стадионында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен сағат 22:00-де. Қарымта кездесу 26 тамыз күні Никосияда ойналады. Астана уақытымен түнгі 00:45-те басталады, - делінген клуб хабарламасында.
«Астана-Арена» стадиоын УЕФА талаптарына сай екені рас. Алайда клубтың ойынын Алматыда өткізуінің өзге себебі бар. Себебі, «Астана-Арена» стадионында 11 қыркүйек күні Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мемлекеттік іс-шара ұйымдастырылады. Ал оған дайындық алдын-ала басталуы тиіс екен. Бұл шешімге елордалық жанкүйерлер өкініш білдіріп, қарсылық танытуда.
Айта кетейік, Станимир Стойлов шәкірттері Чемпиондар лигасының үшінші кезеңінде Финляндияның «ХИК» клубын жарыс жолынан шығарған болатын.