"Астана" өз алаңында "Вильярреалды" ұта алмады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
"Астана" өз алаңында "Вильярреалды" ұта алмады
Фото ©️ Тұрар Қазанғапов

Футболдан Еуропа лигасында бақ сынап "Астана" топтағы бесінші ойында "Вильярреалға" есе жіберді. Елордада өткен ойында испандық клуб 3:2 есебімен ұтып кетті.

БӨЛІСУ

Бірінші таймда гол соғатын мүмкіндіктер мол болды. Әсіресе алғашқы минуттардағы қонақтардың шабуылдағы ширақтығы байқалды. Бірнеше сәтте Ненад Эрич қақпасын голдан сақтап қала білді. 23 минутта Патрик Твумасидан тамаша пас алған Джуниор Кабананга допты алыс қашықтықтан қия теуіп, "Вильярреал" қақпашысы Мариано Барбосаны қапы қалдырды. Алайда бірінші тайм аяқталар тұста испандық команда есепті теңестіріп кетті. Ненадпен бетпе-бет шыққан жартылай қорғаушы Даниэль Раба гол соқты.

Екінші таймда Седрик Бакамбудың алаңға шығуымен "Вильярреалдың" шабуылына қарқын қосылды. Джуниор Кабананганың ұлттық құрамадағы командаласы ойынға шыға сала 5 минуттан кейін гол соғып, көзге түсті. 83 минутта "Вильярреалдың" ойындағы үшінші голын соғып, дубль жасады. 88 минутта Патрик Твумаси есепті қысқартқанмен, таразы басын теңестіруге ұмтылған "Астанаға" уақыт жетпеді.

Елордалық команда еурокубок ойындарында өз алаңында 2014 жылдан бері ұтылмай келген еді. Нақтырақ айтсақ, 17 ойында қарсыластарына есе жібермеген. Бір қызығы, бұл рекорды сол жылы дәл осы "Вильярреалдан" ұтылғаннан кейін басталған еді.

"А" тобындағы соңғы ойында "Астана" Прагада "Славиямен" кездеседі. Қазіргі таңда "Вильярреалда" 11 ұпай, "Астанада" 7 ұпай бар. Испандық ұжым плей-офф кезеңіне жолдама алып тұр. Бүгін түнде топтағы "Маккаби Тель-Авив" пен "Славия" командалары арасындағы ойын өтеді. Израильдік командада – 1, чех ұжымында 5 ұпай бар.