Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңі шеңберінде «Астана» клубы өз алаңында Польшаның «Легия» командасын қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл ойында сөзсіз «Легия» клубы фаворит болып есептелді. Бірақ «Астана» өз алаңында өте сенімді ойнады. Тіпті команда матч басталысымен-ақ өткір шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ польшалық клуб сауатты қорғанып, сәті түскен кезде «Астана» қақпасын жиі нысанаға алып тұрды.
16 минутта «Астана» командасының шабуылшысы Джордже Деспотович (9) жарақат алып, оның орнына Роман Муртазаев (45) шықты. Соған қарамастан «Астана» клубы өз тактикасын өзгерткен жоқ.
Ойынның 36-минутында елордалықтардың шабуылшысы Жуниор Кабананга есеп ашса, алғашқы тайм аяқталар тұста Иван Маевский есепті еселеді.
Екінші таймда поляктар сапынан Армандо Садику есеп айырмасын қысқартқанымен, ойын аяқталуға санаулы секундтар қалғанда Патрик Твумаси «Астана» жанкүйерлеріне тамаша сый жасады.
Айта кетелік, «Астана» футбол клубы еурокубоктар сайысындағы өз алаңында 3 жыл қатарынан 14 матч бойы жеңілмей келеді.