Футболдан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында Сербия құрамасы жеңімпаз атанды. Ойындағы шешуші голды қосымша уақытта «Астана» клубының легионері Неманья Максимович соқты.
Бірінші таймда Бразилия мен Сербия жастары 0:0 есебімен өнер көрсетіп шықты. Кездесудегі есеп 70 минутта ашылды. Неманья Максимовичтің пасын сәтті пайдаланған Станиш Мандиш сербтерді алға шығарды. Десе де араға көп уақыт салмай бразилиялықтар қатарынан Андреас Перейра таразы басын теңестірді. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмай, төреші қосымша таймды белгіледі. Нәтижесінде кездесудің аяқталуына 2 минут қалғанда «Астана» легионері жеңіс голын соқты.
Жаңа Зеландияда өткен әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде сербтер барлық кезедсулерін қосымша уақытта, не ойын соңындағы пенальти сериясында жеңіп отырды. Неманья Максимович топтық кезеңде Мексика қақпасына жеңіс голын соқса, ширек финалда АҚШ-қа қарсы ойында шешуші пенальтиді орындады.
Айта кетейік, Неманья Максимович «Астана» клубының сапын осы жылдың басында толықтырған болатын. Клуб пен футболшы екі жарым жылдық келісімшартқа қол қойған. Премьер-лиганың 11 ойынына қатысып, 4 гол соқты.