Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Елордалық «Астана» мен Алматының «Қайраты» еурододаның үшінші іріктеу кезеңіне өтсе, қай елдің клубтарымен кездесетіні анықталды.
Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап жатқан елордалық «Астана» «Мариборға» қарсы бірінші ойында 1:0 есебімен ұтылып қалған болатын. Қос клуб арасындағы қарымта кездесу 22 шілде күні Астанада өтеді. Станимир Стойлов шәкірттері словениялық клубты жарыс жолынан шығарар болса, «ХИК» (Финляндия) және «Вентспилс» (Латвия) командаларының жеңімпазымен кездеседі. Бірінші ойында фин елінің клубы түзде қарсыластарын 3:1 есебімен ұтқан болатын.
Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіндегі бірінші ойындар 28-29 шілде күндері өтсе, қарымта кездесуі 4-5 тамызға жоспарланған.
Еуропа лигасында бақ сынап жатқан «Қайрат» «Алашкертке» қарсы өткен бірінші ойыннан кейін үшінші кезеңге өтуге нықтап қадам жасады. Қазіргі таңда қазақстандық клубтың келесі кезеңге өтетіндігіне күмән келтірушілер жоқ десек те болады. Сондықтан да Владимир Вайсс шәкірттері плей-офф кезеңіне шығу үшін «Риека» (Хорватия) және «Абердин» (Шотландия) командаларының жеңімпазымен кездеседі деуге толық негіз бар. Бірінші ойында шотландиялық клуб қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата ұтқан.
«Алашкерт» пен « Қайрат» арасындағы қарымта 23 шілде күні Мартуниде өтеді. Ал үшінші іріктеу кезеңінің бірінші ойындары 30 шілдеге, қарымта ойыны 6 тамызға бекітілген.