«Астана» футбол клубы Мәскеудің «Спартак» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 5:0 есебімен ойсырай ұтылды. Жолдастық кездесу Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабиде өтті.
Кездесудің бірінші таймында қос клуб есеп аша алған жоқ. Алайда екінші таймда еслордалық клуб қарсыластарына қарсы қауқар таныта алмады. Мәскеулік клуб негізгі құрам ойыншыларын алаңға шығарса, «Астана» сапынан алаңға қақпашы Александр Мокин, қорғаушы Марк Гурман мен шабуылшы Джуниор Кабананга шықты.
56 минутта Зе Луиш есеп ашса, 72 минутта Кабо-Верде шабуылшысы дубль авторы атанды. Араға 7 минут сала Промес есепті 3:0-ге жеткізсе, ойын аяқталғанша мәскеулік командас «Астана» қақпасына екі гол соғып үлгерді. Нәтижесінде қарсыластарына ірі есеп айырмасымен есе жіберді.
Айта кетейік, қазақстандық клуб Абу-Дабиде оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Сондай-ақ бірнеше жаңа ойыншылар қаралымда жүр.
«Спартак» (Ресей) — «Астана» (Қазақстан) — 5:0 (0:0)
Гол: Зе Луиш, 56, 72. Промес, 79. Попов, 81. Зуев, 85.
«Астана«: Эрич (Мокин 46), Бейсебеков, Малый (Гурман 46), Аничич, Шомко, Каньяс, Максимович, Твумаси (Деспотович), Тағыберген (Кабананга 46), Мужиков, Нөсербаев (Щеткин).
«Спартак«: Митрюшкин, Кутин, Пуцко, Кутепов, Макеев (к), Тимофеев, Леонтьев, Мелкадзе, Зуев, Давыдов, Зе Луиш.
Екінші тайм: Ребров (к), Комбаров, Боккетти, Гранат, Паршивлюк, Ромуло, Зотов, Глушаков, Попов, Зе Луиш, Промес.