Елордалық «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі бірінші ойынын жеңіліспен бастады. Станимир Стойлов шәкірттері Лиссабонда «Бенфика» клубына екі доп айырмасымен есе жіберді.
Лиссабондағы ойынды алаң иелері алға ұмтылумен бастады. «Астана» қорғаушылары алғашқы шабуылдарды ойдағыдай тойтарып, «Бенфика» ойыншыларының бетін қайтарумен болды. Қазақстандық клубтың қорғанысы сыр бермей сәтті қорғана білді. 18 минутта Фокси Кетевоаманың айып соққысынан бағыттаған добы Жулио Сезар қолынан шығып кетудің аз-ақ алдында қалды. Алайда тәжірибелі бразилиялық қақпашы қателікке бой алдырмады. Араға 5 минут сала «Бенфика» сапынан Гайтан қауіпті соққы бағыттады. Доп қорғаушыларға тиіп, кері қайтты.
23 минутта «Астана» шабуылшысы Бауыржан Жолшиев ойда-жоқта қарсыласына қарсы ереже бұзып, сары қағаз алды. Араға 7 минут сала елордалық клуб қорғаушыларының қателігі алаң иелерінің есеп ашуына мүмкіндік сыйлады. Қазақстандық жанкүйерлердің қуанышына орай Ненад Эрич қақпасын голдан аман алып қалды. Артынша «Астана» ойыншыларының қысымы қарсы шабуылда байқалды. Бауыржан Жолшиевтің бағыттаған соққысы қақпадан биіктеу кетті.
42 минутта «Астана» ойыншыларының жүйелі шабуылы өз нәтижесін берудің аз-ақ алдында қалды. Негізгі құрамда шыққан Джуниор Кабананганың соққысы қақпадан бұл жолы да биіктеу кетті. Бірінші тайм аяқталар тұстағы «Бенфиканың» қарымта шабуылы қауіпті шықты. Бұл тұста Ненад Эрич сәтті ойнады.
Екінші таймды «Астана» ойыншылары ширақ бастады. Алғашқы минуттардағы қазақстандық клубтың шабуылы голға айналмады. Джуниор Кабананганың орнына шыққан Алексей Щеткиннің тепкен добы қақпа бағанынан кері қайтты.
51 минутта қорғаушылардың қателігі «Бенфиканың» алға шығуына септігін тигізді. Гайтан ойыншылардың арасынан суырылып шығып, кездесудегі есепті ашты.
56 минутта «Бенфика» ойыншылары екінші голын соғуға мүмкіндік алды. Қазақстандық клубтың бақытына орай доп қақпадан қиыс кетті. Алайда араға 6 минут сала «Астана» қорғанысы тағы да сыр берді. Бұл жолы Элизеудің асырған пасын Костас Митроглу голға айналдырып кетті. 68 минутта бұрыштама добынан кейін «Астана» ойыншыларында есепті қысқартуға мүмкіндік болды. Бірақ доп қақпаға тура бағытталмады.
Кездесу соңына қарай Станимир Стойлов шәкірттері есепті қысқартуға ұмтылғанмен, нәтиже шықпады. Есесіне алаң иелерінің ширақ шабуылы Ненадты мазалаумен болды. Екі голдан кейін алаң иелері де қорғанысты басты назарда ұстай түсті. Нәтижесінде 2:0 есебі төреші ысқырығы шалынғанша сақталып қалды.
«С» тобындағы екінші ойында мадридтік «Атлетико» Стамбулда «Галатасарайды» жеңді. Түрік ұжымының қақпасына соғылған екі голды да Антуан Гризманн өз еншісіне жазды. Нәтижесінде «Бенфика» мен «Атлетико» топтағы алғашқы 3 ұпайларына ие болды.
Топтық кезеңдегі екінші ойындар 30 қыркүйек күні «Астана» мен «Галатасарай», 1 қазанда «Атлетико» - «Бенфика» кездесуімен жалғасады.