"Астана" Латвияға 21 футболшымен аттанды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
"Астана" Латвияға 21 футболшымен аттанды
Фото ©️ vk.com (Астана ФК)

"Астана" футбол клубы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі Юрмаланың "Спартак" командасына қарсы бірінші ойынды өткізу үшін Латвияға барды. Команда құрамында 21 футболшы бар.

БӨЛІСУ

Елордалық клубтың ресми сайты хабарлағандай, команда Юрмалаға 5 сағатта жеткен. 4 сағат 25 минут Астанадан Ригаға дейін ұшақпен ұшса, ары қарай автобуспен барған.

Қақпашылар: Александр Мокин, Ненад Эрич және Абылайхан Дүйсен.

Қорғаушылар: Дмитрий Шомко, Евгений Постников, Игорь Шитов (Беларусь), Юрий Логвиненко, Марин Аничич (Босния және Герцеговина) және Абзал Бейсебеков.

Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Иван Маевский (Беларусь), Ласло Кляйнхайслер (Венгрия), Марин Томасов (Хорватия), Серікжан Мужиков, Мәди Жақыпбаев және Срджан Граховац (Босния және Герцеговина).

Шабуылшылар: Джуниор Кабананга (ДР Конго), Патрик Твумаси (Гана), Роман Муртазаев, Владислав Прокопенко және Джордже Деспотович (Сербия).

Қос команда арасындағы ойын 12 шілде күні өтеді. Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Қарымта ойын араға бір апта сала Астанада өтеді.

"Астана" Чемпиондар лигасына үшінші жыл қатарынан қатысып отыр. 2015/2016 жылғы маусымда кәрі құрлықтың басты додасы саналатын жарыстың топтық кезеңінде ойнады. Өткен жылы үшінші іріктеу кезеңіне дейін жетіп, Шотландияның "Селтик" командасына жол беріп алған-ды. Дегенмен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған еді.  Елордалық команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған тұңғыш қазақстандық команда. Биыл да топтық кезеңге шығуды мақсат тұтып отыр. 

Латвияның "Спартак Юрмала" командасы 2007 жылы құрылған. 2012 жылдан бастап елдің Жоғарғы лигасында ойнап келеді. Өткен жылы алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізген команда. Клубты поляк бапкері Марек Зуб жаттықтырады.