Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан «Астана» футбол клубы құрамын жаңа қорғаушымен толықтырды. Командаға ұлттық құрама ойыншысы Константин Энгель қосылды.
Елордалық клубтың ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, қорғаушы алаңға "22" нөмірмен шығатын болады. Келісімшарт мерзімі туралы хабарланбаған.
28 жастағы Константин Энгель Қарағанды өңірінің тумасы. Ата-анасымен Германияға қоныс аударып, кәсіби спорттық мансабын 2006 жылы «Оснабрюк» клубында бастаған. 2011 жылы Котбустың «Энерги» клубына ауысып, екі маусым өнер көрсетті. Кейіннен «Ингольштадт» клубына ауысты. Өткен маусым соңынан кейін еркін агент ретінде қалған ойыншы мансабын «Астанада» жалғастыратын болады.
Константин Энгель Қазақстан ұлттық құрамасы сапына 2012 жылы шақырылған болатын. Одан бергі аралықта 10 ойынға қатысты.
Айта кетейік, бүгін Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде кездесетін командалар анықталады. «Астанаға» Бельгияның «Генк», Грекияның «Олимпиакос», Беларусьтың «БАТЭ», Данияның «Митьюлланд» және Австрияның «Рапид» клубтарының бірі қарсылас атанатын болады.