Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Астана" Черногорияның "Будучность" командасымен кездесті.
"Будучность" – Черногория астанасы Подгорицада 1925 жылы құрылған клуб. Команда Черногорияның ең көп жүлде жеңген клубы саналады. Алайда "Подогорицаның" еурододада жолы болмай-ақ қойды. Осыдан 12 жыл бұрын Еуропа лигасының іріктеуіне алғаш қатысқан. Содан бері араға уақыт салмай тұрақты еурододаның іріктеуіне қатысып жүр. Алайда тәжірибесі болса да он жылдан бері үшінші айналымнан ары аса алмай келеді.
"Астана" еурододаның биылғы маусымын сәтсіз бастады. Жорығын Чемпиондар лигасының іріктеуінен бастаған ел чемпиондары бірінші кезеңнен аса алмады. Беларуське қонаққа барған "Астана" "Динамомен" кездесіп, 6:3 есебімен есе жіберген. Дегенмен ережеге сай қазақстандық ұжым бағын Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде сынап көруге мүмкіндік алды.
Transfermarkt порталының мәліметіне сүйенсек, "Астана" сапындағы футболшылардың трансферлік құны "Будучностьтен" жеті есе қымбат. Қазақстан чемпиондарының құны 21 миллионнан асып жығылса, черногориялық команданың құны – 3,5 миллион еуро.
Алматының орталық стадионында өткен ойында Пол Эшуорт қалыптан таймай, көшбасшы футболшыларды алаңға шығарды. Тек Марин Томасовтың орнына Макс Эбонг шықты. Ал Томашевич пен Рукавина жарақатынан айығып жатыр.
Ойын басталысымен екі команда да жеңістен дәмелі екенін көрсетті. Бірден шабуылға шығып, ашық ойын көрсетуге тырысты. Командалар бірнеше қауіпті сәтпен алмасқан соң қорғаныста мән бере бастады.
Матчтағы есеп қонақтар ашты. Ойынның 25-ші минутында "Астана" қорғаушылары тұтқиылдан келген қарсылас футболшысынан көз жазып қалды. Василие Терзич әріптесінің қапталдан асырған добын қақпаға дәл көздеді. Эричтің бұл сәтте қауқарсыздық танытты. Есеп – 0:1, "Будучностьтің" пайдасында.
"Астананың" гол соғатын мүмкіндігі екінші таймның басында болған. Алайда Иван Маевский қақпашыдан айласын асыра алмаса, екінші сәтте доп қақпа маңдайшасынан сәл биік ұшты. Матч соңына дейін алаң қожайындары гол соғатын мүмкіндіктерінің ешқайсысын қолдана алған жоқ.
Осылайша, "Астана" биыл еурододадағы жорығын екінші айналымда аяқтады.
Еуропа лигасы. Екінші іріктеу кезеңі
"Астана" (Қазақстан) – "Будучность" (Черногория) 0:1
Голдар: 25' Терич
"Астана": Ненад Эрич (Қ) (К) – Лука Шимунович, Урош Радакович, Евгений Постников, Дмитрий Шомко – Иван Маевский, Макс Эбонг, Рунар Мар Сигурьонссон – Тигран Барсегян, Дорин Ротариу, Пиерос Сотириу;
Қосалқы құрам: Дмитрий Непогодов (Қ) – Юрий Логвиненко, Абзал Бейсебеков – Юрий Перцух, Дидар Жалмұқан – Марин Томасов, Алексей Щеткин;
"Будучность": Милош Драгоевич (Қ) – Неманья Секулич, Владан Аджич, Игор Чукович, Петар Вукчевич – Лука Миркович, Милош Раичкович, Василие Терзич – Петар Грбич (К), Игорь Иванович, Такис Мораитис;
Қосалқы құрам: Джорджие Павличич (Қ) – Анто Бабич, Богдан Милич – Миомир Джуричкович, Иван Бойович – Александар Вуячич, Деян Зарубица;